Иран парламенті қоғамдық орындарда шариғат шәлісін тақпағандарға жауапкершілікті күшейтетін заң жобасын қабылдады. Бұл жайында islam.kz порталы Iran Wire ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді.
Аталмыш заң талаптарын елемегендерге бұдан былай 8 млн туман (парсылардың ұлттық валютасы – ред.) мөлшерінде айыппұл салынады. Егер бұл айыппұлды бір ай ішінде төлемесе, оның мөлшері екі есеге көбейеді. Бұдан бөлек, хижаб кимей көзге түскендерді жұмыстан қууы мүмкін, сондай-ақ, бір жыл мерзімге дейін әлеуметтік желіге кіруге тыйым салады. Ал қайталанған жағдайда кемінде алты айға немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айырады. Сонымен қатар, танымал тұлғаларға, сондай-ақ, интернеттегі аудиториясына хижабсыз шықса, ондай әйелдерге арнайы жаза қарастырылған. Бұған қоса, бұқаралық ақпарат өкілдеріне тәртіп бұзушылармен араласуға тыйым салынады. Аталған заң жобасы қыркүйек айының 20-ы күні қабылданған болатын. Оны 152 адам қолдаса, 34 адам қарсы дауыс берді. Оған үш жыл сынақ мерзімі енгізілгені нақтыланды.
Дереккөз: Kazislam.kz порталы