Бүгін, 18 қазан күні Алматыда қазақстандықтар үшін дәстүрлі мереке болып саналатын Рухани келісім күніне орай «Дін әлеуметтік тепе-теңдік үшін: құмар ойындарға тәуелділікпен күрес» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
«Kazzhol Park Almaty» қонақ үйінде ұйымдастырылған іс-шараға әртүрлі діни конфессиялардың көшбасшылары, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, түрлі облыстардың жетекші сарапшылары мен мамандандырылған оңалту орталықтарының өкілдері қатысып, пікір білдірді.
Атап айтқанда, Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Нұрлан Қиқымов пен мекеменің басқа да өкілдері, исламдық, православтық, католиктік, баптистік, буддистік, кришнаиттік және басқа да әртүрлі конфессия өкілдері қатысып, қоғам дертіне айналған мәселе бойынша өз ойларымен бөлісті.
Спикерлер лудомания дертінің шығу себебін сөз етіп, оны алдын алу үшін қандай іс-шаралар істеу керектігін талқылады.
Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Нұрлан Қиқымов өз сөзінде Діни бірлестіктер көшбасшылары клубының қызметі жаңа деңгейге шығуда екенін және клуб аясында бірлесе отырып, қоғамымыздың өзекті мәселелерін шешу жолдары қарастырылатынын атап өтті.