Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

Алматы қаласында дін тақырыбында қалам тербегендер марапатталды

Алматы қаласында бірнеше номинациялар бойынша дін саласының өзекті мәселелері туралы үздік материалдарды оның ішінде мақалалар, қысқа роликтер және т.б. дайындау байқауының жеңімпаздарын мараптталды, деп жазады «Адырна» порталы.

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысы бойынша «JASTAR» дамыту орталығы»  жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастыруымен өткен байқау, ағымдағы жылдың 5 сәуір мен 15 қазан аралығында өзекті болды. Негізгі мақсат – жұрт назарын дін саласындағы мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелеріне аудару. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы халықты дін саласындағы мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттары мен діни экстремистік ағымдар идеологиясының зияндылығынан хабардар ету.

Жеңімпаздар интернет-ресурстағы қазақ тіліндегі үздік мақала; интернет-ресурстағы орыс тіліндегі үздік мақала; интернеттегі және әлеуметтік желілердегі ең жақсы тақырыптық қысқа бейнеролик; ең белсенді блогер номинациялары бойынша анықталды. Аталған 4 номинация бойынша жалпы жүлде қоры – 1 350 000 теңгені құрады.

Қазылар алқасы мүшелері қатысушылардың материалдарына әділ баға беріп, олардың креативті идеялары мен сапалы жұмыстарына баса назар аударды.

Қазылар қатарында Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Ерғали Ахилбекұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Дінтану және мәдениеттану кафедрасы меңгерушісі Айнур Құрманәлиева, Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының "Дін мәселелерін зерттеу орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Дулат Ибрагимов, ақын Төреғали Тәшенов болды.

Марапаттау рәсімін Ерғали Ахилбекұлы мен Айнұр Құрманалиева ашып берді. Олар аталған байқаудың қоғам үшін берері мен қосары мол екенін, сондай-ақ дін тақырыбына қызығушы көзі ашық жастардың көбейгеніне шын жүректен қуанышты екендерін айтты.

«Көпшілігіңіз білесіздер, қазір дін тақырыбы ел аузында жиі талқылануда. Біздің мақсатымыз жат ағымның артынан адасушы жастардың бағытын түзеп, көзін ашу. Бұл байқауда осы мақсат негізінде жүзеге асқан болатын. Мен мақалалар мен материалдарды тексеру барысында дін тақырыбына шынайы жаны ашып, әлеуметтік мәселеге өзіндік жақсылығын тигізгісі келетін жанашыр жастардың бар екенін ұғынып шынайы қуандым. Бастысы елім дейтін ер болса, ерім дейтін ел табылады», - деді Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Ерғали Кошеке.

 Мақалалар жолдаған қатысушылар арасынан ынталандыру сертификаттары мен қаржылай сыйлыққа Сәуле Исабаева, Бекнұр Кисиков, Әбзелбек Шынар, Нұрмұхаммед Мейманқожа, Шағырбай Алмасбек есімді жастар ие болды. Ірі қаржылай сыйлықтар иеленгендер қатарынан қазақ тіліндегі интернет-ресурс мақаласы бойынша Қанат Сүлейменов – 250 000 тг, орыс тілінде Дастан Елдесов – 250 000 тг, үздік қысқа бейнеролик номинациясы бойынша – Ерсұлтан Рахимбек, Олжас Айтпанов, Асхат Байтөре қанжығалы болды. Ал ең белсенді блогер жүлдесі – Елнар Берікбаевқа бұйырды.

Бейнеролик авторлары дін тақырыбында түсірген видеоларын жиналған көпшілікке көрсетіп оң бағаларын алды. Сондай-ақ олар түсірілім кезіндегі қызықтарымен бөлісті.

Сонымен қатар қазіргі таңда жастар арасында әлеуметтік желіде дін саласы бойынша контент таратып жүрген блогер Елнар Берікбаев та аталмыш ісінің азаматтық міндеті екенін атай кетті.

«Қазіргі таңда тик ток желісі мен инстаграмда дәстүр мен салт, дін мен мәдениетке қатысты тың деректермен бөлісіп отырамын. Видеолар көбіне қызық. 800 мыңнан астам қаралым жинап отырады. Әуелгі мақсатым – жастардың салт-дәстүрге деген жанашырлығын ояту, діни көзқарасын түзеу. Блог жүргізу менің әрі хоббиім, әрі азаматтық міндетім. Себебі алған білімімді өзгелермен бөлісіп отырғым келеді», - деді Елнар Берікбаев.

Айта кетейік, Алматы қаласы Дін істері басқармасы аталмыш байқауды жыл сайын ұйымдастырып келеді.

 

«Адырна» ұлттық порталы

08.11.2023

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер