Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

Алаш арыстары дінді жоққа шығарған жоқ – Дінтанушы

Соңғы кездері діни мәселе қоғамда ең көп талқыланатын тақырыптың бірі болып тұр. Кейбір азаматтар «Алаш арыстары дін үшін шаһид болған» десе, екінші тарап бұл сөзді терістеп, өз уәжін айтып жатыр. Шын мәнінде Алаш арыстары дінге қалай қарады?

Дінтанушы Кеңшілік Тышқанның айтуынша, медресе кезінде мектептің миссиясын атқарғанын айтады. Алайда ол медреседе білім алған Алаш арыстарының зайырлы ұстанымда болғанын ескертті.

«Елімізде зайырлы мектеп пайда болғанша қадымдық бағыттағы медреседе білім берілді. Медресе деген діни аты болмаса, онда жаратылыстану пәндері оқытылып, кәдімгі мектептің қызметін атқарды. Алаш арыстарының көпшілігі медреседе білім алды. Абай Құнанбайұлының өзі «Баламды медресеге біл деп бердім, Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім»  дегеніне қарағанда медресе ағартушылық бағытта қызмет еткен.

Алаш арыстары дінді жоққа шығарып, оған қарсы шыққан жоқ немесе басы бүтін діншіл болып кеткен жоқ. Дін өте маңызды рөл атқарды. Себебі қандайда бір дінге кіру сол елге ассимиляцияға түсуге тез мүмкіндік береді. Мысалы христиан дініне өткен татар ұлтының өкілдері орыс ұлтымен ішіне сіңісіп кетті. Сондай-ақ христиан дінін қабылдаған мажар халқы өзінің түркі тектес екенін білгенімен олар түркілікпен байланыс орната қоймайды. Себебі олар діни тұрғыдан алған кезде Еуропаға жұтылып кетті. Біздің жоңғарларға жұтылмай қалғанымыз будизмді қабылдамағандығымыздан деп білемін. Патшалы Ресейдің кезінде шоқындыру саясаты жүрген кезде бізде христиан дінін қабылдамағанымыз орыстанудан сақтап қалды», – дейді ол.

Кеңшілік Тышқанның айтуынша, өткен ғасырда діни мәселе баспасөзде өткір талқыланған.

«Кезінде Алаш зиялылары шығарған «Темірқазық» секілді журналдарда дін мәселесі ашық жазылды. Алаш арыстары діншіл болып, тек қана құдайға сыйынамыз деген принцип ұстанған жоқ. Олар ағартушылыққа, білім алуға үлкен талпыныс жасады. Бірақ қазақ қайраткерлері дінсіз болды деп те айта алмаймыз. Алаштың өзі жазған Ата заңда «Біз заң мен құдайдың алдында теңбіз» деген нәрсе бар. Сондықтан да қайраткерлеріміз дінді ысырып тастады деп айта алмаймыз. Бірақ діншілдікке салынып, шариғат мемлекетін құрамыз деген жоқ. Себебі әу бастан біздің елде радикалды ислам таралған жоқ. Қажылыққа барып келген ғалымдар Саудияның дінін алып келген жоқ. Олар біздің салт-дәстүріміз басқа екенін жақсы білді. Мәселен біздің ханафи мазхабында қалып кетуіміздің бір себебі ол біздің салт-дәстүрімізді мойындайды. Мұны Алаш зиялылары жақсы білді. Нақтырақ айтсам

Ғұмар Қараш Исмаил Гаспринскийдің жадиттік ұстанымын қолдады. Ислам әлемінің фатализмге ұрынып, фундаментализмге түсуі батыс үшін таптырмайтын құрал болды. Ал көзі ашық, оқыған адамды басқару қиын болғандықтан Алаш арыстарын репрессияға ұшыратты», – деді маман.

 

дереккөз: Adyrna.kz

14.11.2023

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер