Ел ертеңі – білімді жастардың қолында. Қазақ халқының: «Білекті бірді жеңеді, білімді мыңды жеңеді» деген нақыл сөзі бар. Расында да, білім бәрінен биік әрі артық.
ХХI ғасырда бiлiмiн дамыта алмаған ел нағыз тығырыққа тiреліп, кемелденуден құр қалады. Сол себепті де елiмiздегi бiлiм беру саласын қолға алып, оны одан әрi дамыту стратегиясының басты бағыты да іске асуда.
Дегенмен, жасыратыны жоқ, кейбір жастар үшін «діни рәсімнің» орындалуы білімнен де аса маңызды болып барады. Мектепте білім алушылардың кейбірі әр жұма сайын мектепке барудан бас тартып, мешітке асығатыны жиі байқалады. Ата-аналар мен білім ордаларының басшылары тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізілгенімен мәселе әлі де сап тиылмаған.
Бүгінгі жастар – елдің ертеңі болғандықтан ұрпақ тәрбиелеуде қателікке ұрынуға болмайды. Келешегі кемел елдің бүгінгі ұрпағы саналы да, білімді болуы шарт.
Осы тұста университет қабырғасында сабақ беріп, жас маманды тәрбиелеп, ғылым мен білімді жанына серік еткен ұстаз Шермат Ералыұлы да елдің ертеңіне алаңдаулы.
- Жастардың білім мен ғылымға қызығушылығы қандай?
- Өкінішке орай, бүгінгі таңда Қазақстанда ғылымды таңдайтындар өте сирек. Егер біз ғылым мен білімге көбірек көңіл аударсақ өркениет те дамитын еді.
- Жастар арасында ғылым мен білімге бет бұрғандарға қарағанда дінді серік еткендер көп пе?
- Иә, солай. Ғылым мен білімге қарағанда дінге ерекше ден қойғандар және сол арқылы білім алудан аалшақтайтындар көп.
- Қазір жастар арасында дін жолын ұстану, дінді білімнен де артық қою әрекеттері байқалады. Бұл жағдайды қалай өзгертуге мүмкіндік бар? Педагог ретінде не айтасыз?
- Жалпы бізде ғылым мен білім жүйесін бұдан әрі жетілдіру керек. Мамандар көп саладан білімі болуы керек деп есептеймін. Себебі студенттің сабаққа қызығушылығы болуы не болмауы тікелей педагогикалық шеберлікке байланысты. Егер дұрыс жол сілтеп, оның білімге деген қызығушылығын арттыра алсақ біздің дамуымыз да еселенер еді.
Қазақстанның бәсекеге қабiлеттi елдер қатарына қосылуында жастардың ой-санасы, қабілеті аса маңызды. Оны тәрбиелейтін – ұстаз. Бүгінде әр берген білімі арқылы елдің ертеңі дәл білімді азаматтардың қолында екенін ұғындыруға тырысатын мамандардың арқасында болашақ жарқын болмақ.
Еліміздің зайырлы мемлекет екендігін ескере отырып, қабылдаған Ата заңға бағынуға тиіспіз. Оған сәйкес, әрбір білім алушы оқу орнының заңына бағынып, бiрiншi кезекте мемлекеттiк бағдарлама бойынша сапалы бiлiм алуы міндетті. Себебі білімді, сауаты артқан қоғамның жастары тілі мен дінін, ұлттық болмысын сақтай алады. Елдің болашағын дамытатын ғылым мен білім екенін әрдайым есте ұстап, ұмытпаған абзал.
Сымбат Наухан
«Адырна» ұлттық порталы