Соңғы уақытта қоғамда орамал мәселесі үлкен талқыға айналғаны белгілі. Орамалдың түрліше атауы және өзіндік ерекшеліктері мен шығу тарихы, үкімі жайлы халықтың бірі білсе, бірі білмес. «Адырна» материалында ниқабтың тарихы мен оны тағудың үкімі жайлы тарқаттық.
Ниқабтың тарихы ғасырларға созылады және әртүрлі мәдени және діни дәстүрлермен байланысты. Ниқаб – кейбір мұсылман қоғамдарында әйелдердің дәстүрлі түрде киетін жамылғы түрі.
Ниқабтың пайда болуы исламның ұяттылық пен әдептілік туралы ережелерімен және әйелдердің жеке әуретін жабу шартымен байланысты болып келеді.
ХИДЖАБ ПЕН НИҚАБ БІР НӘРСЕ МЕ?
Хиджаб пен ниқаб исламдық қоғамдардағы кейбір әйелдер киетін жамылғылардың бір түрі, бірақ олар бетті жабу турасына келгенде әр түрлі болып келеді.
Хиджаб - бас пен мойынға тағылатын, бетін ашық қалдыратын орамал. Ал ниқаб бетті толық жауып тұратын, тек көзді ғана қалдыратын киім түрі.
НИҚАБТЫ КІМДЕР ТАҒАДЫ?
Ниқаб киюді әртүрлі мұсылман қауымдарында және әртүрлі мазхабтарда (исламның құқық мектептері) кездестіруге болады.
НИҚАБ НЕ ҮШІН ТАҒЫЛАДЫ?
Исламдағы бетперденің бір түрі болып табылатын ниқаб әдетте әйел затының әуретін жабу мақсатында киіледі. Мазхабтарға, ережелердің әртүрлілігіне байланысты әйел адамның әурет тұстары әр түрлі болып саналады.
«НИҚАБ - ҚАЗАҚ САЛТЫНА, БОЛМЫСЫНА ЖАТ ҰҒЫМ»
Тарихтан тағылымынан белгілі қазақ халқы бұрымды қыздарына құндыз бөрік, бойжеткендеріне тақия, келіншектері орамал, апа-әжелері кимешек киген қазақ қоғамына, қазақ болмысына ниқабтың әсер етуі, тағу үрдісінің ерекшелігі жайлы дінтанушы Айбар Айдарұлы «жат үрдіс» деп жауап берді.
«Дәстүрлі дініміздегі ханафи мазхабында, әйел адамның денесі түгелдей – әурет болып саналады. Тек қана жүзі, қолы мен аяғы (табаны) әурет болып саналмайды» деп жауап берді. Ал сөз болып отырған ниқаб мәселесі жөнінде:
«Ал ниқаб мәселесіне келетін болсақ, қасиетті Құран мен Сүннетте бұл мәселеге қатысты нақты бұйрықты нұсқау жоқ. Керісінше, шариғат нормаларына сәйкес, ниқабты кию міндетті емес болып саналады. Ал мұсылман әйел үшін бөтен адамдардың алдында бет пен қолды ашуға рұқсат етілетінін атап өту өте маңызды. Тіптен ниқаб киюді көпшілік ислам ғалымдары кейбір елдердің әдет-ғұрыптарынан шыққан дәстүр ретінде санайды. Алайда ниқаб кию біздің елдің дәстүрлі дініне, салтымызға қайшы екені айдан анық. Діні мен дәстүріне берік болған ата-бабаларымыздың ұстанымы емес. Қазіргі заманауи, зайырлы мемлекеттер жағдайында, мұсылмандар азшылық болып табылатын жерлерде, ниқабты киген дұрыс емес, әсіресе бұл адамдарды қорқытатын болса. Өйткені, Ислам бойынша адам бейбітшілікке, достыққа және игілікке шақыруы керек», - деп жауап берді маман Айбар Айдарұлы.
Дина ЛИТПИН,
«Адырна» ұлттық порталы