Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

«Жеті жарғы» туралы не білеміз?

Тарих халықтың мыңдаған жылдар бойы жинаған тәжірибесі. Тарихтта өмір бар. Ал өмір заңдардан тұрады.

Қазақ халқы ежелден заңға, тәртіпке аса мән бере білген. Бабаларымыздың «Қасымханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» сияқты ереже заңдары болғаны баршамызға аян. Әділдік іздеп келген адамға әділ шешімін айтып, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін тауып, ердің құнын, нардың пұлын екі ақ ауыз сөзбен тара зылаған би, шешендер осы заңдар арқылы елдің небір содыры мен тентегін тоқтатып, шекіскенді бітістіріп, араздасқанды татуластырған. Қай кезде де әділдігін айтқан.  Әсіресе ел арасында «Әз Тәуке» атанып кеткен Тәуке ханның «Жеті жарғысын» зерттеушілер қазақтардың бұған дейін қолданылып келген құқық нормаларының бір жүйеге келтіріліп, толықтырылған нұсқасы деп қабылдайды.  Шындығында, «Жеті жарғы» туралы не білеміз?  Бұл туралы тарихшы Темірғали Аршабековтен сұрап білдік.

«Қазақ халқының тарихында өте қиын заман болғаны шындық. Осындай қиын қыстау замандарда қазақ хандарының ішіндегі заңдылықтар да болды. Оны дала заңдылықтары деп атаймыз. Бұл әсіресе Қасым ханның тұсында шығарылған «Қасым ханның қасқа жолы» бұдан кейін «Есім ханның ескі жолы» қазақ халқының, қазақ хандығының дәуірлеген кезеңдерінде болды. Бұл заңдардың барлығы дерлік қазақ халқының күнделікті өміріне, жалпы сол кезеңдегі отбасылық құндылықтарына, хандықтың негізгі сақталу дәрежесіне байланысты үлкен мәселелерді көтерген еді. Міне, осы заңдарға сүйенген қазақ билері де ел ішіндегі дау-жанжалдар мен саяси маңызы бар мәселелерді шешу үшін осы заңдарды қабылдаған болатын. Сондықтан да Тәуке ханның тұсында жаңа заң жүйесі ене бастады. Ол «Жеті жарғы» деп аталған еді.

«Жеті жарғы» бойынша, жазатайым кісі өлтіру, әйелді зорлау, соққыға жығу, ұрлық істеу сынды қылмыстардың барлығы кінәлі деп саналып, кінәлілердің әрқайсысына өзінің кінәсі мойындарына тағылып отырды. Осы кезеңде билер сотының екі жақты келісуі бойынша жазаны құн төлеумен алмастыруға болған еді.

«Жеті жарғыда» отбасы және неке заңы, жердауы, жесір дауы, қылмыс пен құн дауына, ұрлық-қарлық, тонаушылыққа және куәлік етумен ант беру рәсімдеріне орай қалыптасып, тұжырымдалған халқымыздың ұлттық әдеп-ғұрып заңдары көрініс тапқан. «Жеті жарғы» заңдар жинағы мемлекеттің ішкі және сыртқы жағдайын күшейтуге бағытталды. Бұл заң қазақтың ру басыларын жылына бір рет жиналуға міндеттеді. Бұл жиындарда мемлекеттің сыртқы және ішкі жағдайына байланысты мәселелер дауыс беру негізінде шешілді. Бұл заң жүйесі қазақ халқының өмірлік мәселелерін барлық жағынан қамтыды. «Жеті жарғыдан» кейін арнайы атаулы заң жүйесі жасалмағандықтан және «Жеті жарғының» өзі талап тілекті қанағаттандырарлық деңгейде болғандықтан, оның көптеген жол жобалары мен қағидалары ХХ ғасырдың басына дейін қолданылып келді», - деді тарихшы.

«ҚАРА ХАЛЫҚ ПЕН ХАНДЫҚ БИЛІКТІҢ АРАСЫН ЖАҚЫНДАТТЫ»

Сондайақ Темірғали Аршабеков «Жеті жарғы» заңында ауыр қылмыстар өлім жазасына тартылғанын айта кетті.

«Елдің тірлігі мен бірлігін сақтау мақсатында бұл кезеңде көтеріліс, бүлік шығарған кісілерге өлім жазасы бұйырылды. Бұдан кейінгі үлкен жазаның бірі  ел мүддесін сатып опасыздықжасаған адамдарға өлім жазасы бұйырылды. Отбасылық құндылықты сақтау үшін өзге біреудің әйелімен зинақорлық жасап қойса да, өлім жазасына кесілді. Тұсаулы атты немесе жылқыны ұрлаған кісіге де осындай қатаң жазалар қолданғаны белгілі еді.

Мұның дүниеге келуіне, оның іске асуына, қазақтың ұлы билерінің атқарған еңбегі үлкен. Ұлы жүздегі Төле би, Орта жүздегі Қазыбек би, қарақалпақтарда Сасық би, қырғыздарда Қарашбиге арқа сүйеген еді. Осы жарғы бойынша, билердің қоғамдық өмірде алатын функциясы орындалды. Олар жүз, тайпа, ру билеушілері болды. Екіншіден, хан орнына таласқан сұлтандардың таласын жою үшін де қажет болды.

«Жеті жарғы» кезінде Тәуке хан елдің ауызбірлішігін арттырып, хандық билікті нығайтуға күш салды. Әрі осы тұста қазақ қоғамы мықты билік пен бірлікті қамтамасыз ете алды. Бұл қазақ халқының арасында хандық биліктің функциялары одан әрі тереңдей түскенін көрсетті. Қара халық пен хандық биліктің арасын жақындатты», - деді Темірғали Аршабеков.

Кез келген зайырлы елдің даму бағыттарын белгілейтін басты құжаты – Ата заңы. Осыдан бірнеше жыл бұрын бүкіл халықтық референдумда кең байтақ Қазақстанның көп ұлтты халқы өзінің егемендік құқығын барша әлемге паш етіп, көптеген елдермен терезесі тең, іргетасы мықты демократиялық жолмен дамып келе жатқан мемлекет екендігін танытты. Сөйтіп, 1995 жылдың 30 тамызында Қазақстан Республикасының Ата заңы өмірге келді. Әрине, тарихын ұмытпайтын қазақ «Жеті жарғы» мен Ата заңның өзіндік ұқсастықтарын байқайды. Ол қандай?

«Жеті жарғы» мен Ата заңымыздың ұқсастығы – ең маңыздысы, еліміздің, қазақ халық татулығы, бірлігі. Әрине, 17 ғасырда жазылған «Жеті жарғы» мен бүгінгі Ата заңның айырмашылықтары өте көп. Арасында 3 4 ғасыр өтті. Әр заң өз заманына сай. Ең бастысы, екі заң үшін де елдің бірлігі маңызды. Екеуіне де отбасы құндылығы басты қағида болады. «Жеті жарғыда» көрсетілген ұрлық-қарлық, отбасы құндылығы Ата заңымызда да бар.

Сондай ақ «Жеті жарғыда» төрелігін айтатын билер  қазіргі кездегі сот. Заң органдарын өткен замандағы қазақ билерімен салыстыруға болады», - деді тарихшы.

Одан бөлек, тарихшы бүгінгі күндегі маңызды мәселеге тоқтала өтті. Айтуынша, жастар арасында заң бұзушылық көбейген.

«Жеті жарғыда» көтерген үлкен мәселе отбасылық құндылық. Отбасыға үлкен мән берілген болатын. Өкінішке қарай, қазір елімізде қарттар үйі көбейіп келе жатыр. Сондай-ақ теріс пиғылды діни ағымдар жастар арасында кең таралуда. Мұндай жолға кімдер түсуде? Әрине, бос жүрген жұмыссыз жастар. Олар заңға бағынбайды, заңды білмейді. Екінші, отбасында бала тәрбиесіне мән берілмегенін көруге болады. Жеті жарғыда «Әкесіне қол жұмсаған ұл баланы қара сиырға теріс отырғызып масқаралаған, ата анасына даусын көтерген қыз баланың жазасын шешесі шешкен» делінген. Алайда қазір заман басқа. Әр қылмыстың өтеуі заңмен шешіледі.

Сондықтан жастарға айтарым: «Біз – Қазақстанның азаматымыз! Әрбір азамат алдымен, мемлекетшіл болуы тиіс. Соған қызмет жасауы керек. Заңға бағыну қажет»,  деп сөзін қорытындылады тарихшы Темірғали Аршабеков.

«Адырна» ұлттық порталы

12.12.2023

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер