Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

Исламдық қаржыландыру: Қамту аймағы кеңейіп келеді

Елімізде жаңа ислам депозиттерінің көлемі 2,8 трлн теңгеге жетеді деп болжанған. Ақпарат «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) алаңында өткен Қазақстандағы исламдық қаржыландыруды дамыту нарығы бойынша есептің тұсаукесерінде айтылды.

Есеп Ислам даму банкі инсти­тутының қолдауымен АХҚО лицен­зияланған қатысушысы болып саналатын «CSQLаw» атты консалтинг компаниясымен бірлесіп дайындалған. Зерттеу аясында жеке және корпоративтік клиенттер арасында исламдық қаржы өнімдеріне нарықтық сұранысты бағалау бо­йынша жұмыс жүргізілген.

Зерт­­теу­ге 13 мыңға жуық респондент қатысты. Оның 350-ге жуығы заңды тұлға болса, 12 мыңнан астамы – жеке тұлға. Зерттеу кезінде діни сенімдерге байланысты депозиттік жүйеден тыс респонденттер исламдық депозитті ашуға дайын екенін жеткізді. Мұның жалпы сомасы 1,9 трлн теңгеге жетуі мүмкін. Сонымен қатар зерттеу барысында алынған мәліметтер негізінде дәстүрлі депозиттерден исламдық депозиттерге көшу 924 млрд теңгеге бағаланады.

Зерттеу нәтижесі әртүрлі ис­лам­дық қаржы құралына сұра­ныс айтарлықтай жоғары еке­нін көрсеткен. Исламдық қар­жы­ландыру нарығын дамыту қажеттілігі діни сенімдеріне қарай классикалық банк құралдарын пайдалана алмайтын дінді берік тұтынушы мұсылмандар санының артуымен байланысты өседі деп болжанып отыр. Алайда бұл тек дін ұстанушыларға ғана арналмағанын атап өткен жөн. Баламалы қаржы­лан­дырудың осы түрін діни сенім­де­ріне қарамастан, кез келген адам пайдалана алады.

Нарықтың өсіп келе жатқан қажеттіліктеріне қарамастан, сауалнамада елдің барлық өңірінде исламдық қаржы өнімдері тура­лы ақпараттың аз екені белгілі болған. Бұған дәлел – қатысу­шы­лар­дың 85%-ы (жеке тұл­ғалар) ешқашан исламдық қар­жыландыру өнімдерін пайдаланбапты. Сондай-ақ сауалнамаға қатысушылар ис­лам­дық қаржы өнімдерін пай­далануға кедергі келтіретін себеп­тердің ішін­де өнімдердің қол­­жетімсіздігін, ұсы­ныстар жоқ­тығын, исламдық қаржы туралы қате түсініктер және сенім мәселе­лерін атап өткен.

«Исламдық қаржыландыру – АХҚО дамуының маңызды бағытының бірі. Қазақстандағы жеке және корпоративтік секторларда исламдық қаржы институт­та­рының жұмысына барлық қажетті жағдай жасалған. Біздің орталық исламдық қаржы өнімдерінің жұмыс істеуі үшін қажетті құқық­тық базаны қамтып, сонымен бірге Ислам даму банкі, Азия даму банкі және басқа да ұйымдармен тығыз ынтымақтастық құрған. Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі де осы бағытты дамытуға атсалысып жатыр. Осы зерттеудің нәтижелері елдегі исламдық қаржыландыру на­рығының толық жұмысын анық­тауға мүмкіндік беріп отыр», дейді АХҚО әкімшілігі Өнімдерді дамыту жөніндегі басқарушы директоры Данияр Келбетов.

Ержан ҚОЖАС

Дереккөз: Kazislam.kz порталы

02.04.2024

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер