Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі «Ардагерлер кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігімен меморандум жасасты.
Ынтымақтастық ардагерлер ұйымдарының белсенді қатысуымен жалпыұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған. Аталған меморандум шеңберінде ономастика мәселелерін шешуде екі тарап өзара ынтымақтастық орнатады. Ел көшелеріне тарихи тұлғалардың есімдерін ғана емес, жалпыұлттық құндылықтарды сипаттайтын атаулар беру және ескерткіштер орнату мәселелерін назарға алу жоспарланған.
Сонымен қатар «Жалпыұлттық құндылықтарды қалыптастыру және 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі бірлескен жоспарға» қол қойылды. Бірлескен жоспар негізінде Жеңістің 80 жылдығына арналған және жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету, ұлттық бірлікті нығайту, лудомания, нашақорлықтың алдын алу, этностар мен діни топтар арасындағы өзара байланысты дамыту, аға буынға құрметпен қарау және ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыру мақсатында бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылмақ.
Айта кетейік, ынтымақтастық Ұлттық құрылтайдың III отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды орындауға бағытталған.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі