Өткен жылдың басында «Жібек Жолы» қайырымдылық мекемелері қауымдастығына қатысты шу шықты. Осы ұйымға қарасты пансионаттардың тәрбиеленушілері мұндағы былықтарды жайып салған еді. Содан кейін Алматыдағы мекемелерде тексеру басталды.
Аталған қауымдастық пансионаттарына студенттер мен мектеп оқушыларын рухани тәрбие берумен қатар қазіргі заманға сай оқытамыз деп алады екен. Ресми сайтында да былай деп жазылып тұр: «Қауымдастықтың мақсаты — Мектеп оқушылары мен студент жастарға жайлы жатын орын, адал ас беріп, ыңғайлы орта жаратып, материалдық көмек көрсету. Елін сүйіп, жерін қадір тұтатын, тарихын танып, дәстүрін ұғатын, тілін құрметтеп, дінін қастерлейтін өнегелі ұрпақ тәрбиелеу».
Жазылған мақсаттары керемет. Бірақ іс жүзінде олай еместігін сондағы тәрбиеленушілер мен олардың ата-аналары жарияға жайып салды.
Шәкірттерінің айтуынша, мұнда оларды біліксіз мамандар құлшылық жасауға мәжбүрлеп келген көрінеді. Яғни балалар еркінен тыс күмәнді дін жолына түсіпті. Тіпті оларды өздерінің «қайырымдылық» шараларына тартып, жұрттан садақа сұрауға да жұмсаған деген әңгіме бар. Ал құқық қорғау органдарының қызметкерлері пансионаттардан экстремистік деп танылған шетелдік діни әдебиеттер мен оқулықтарды тапқан. Теологтар бұлардың кәдімгідей қауіп төндіретінін айтып отыр.
Осыдан кейін тіпті бұл қауымдастықтың «сүлейменшілер» деп аталатын теріс діни ағым жолын ұстанып келгені туралы айтыла бастады. Олар Қазақстанға өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында келіпті. Әлгі сайтта «Жібек Жолы» қауымдастығының 1992 жылы құрылып, жұмысын Ақмола облысында бастағаны жайында жазылған.
Ал енді сүлейменшілер деген кім, олар қайдан келген дегенге тоқтала кетейік.
Бұл діни ағым түп тамырын сонау Түркиядан алады. Мұнда оның негізін қалаған – Болгарияның Дунай (Туна) өзені бойындағы Силистире аймағында туып өскен Сүлеймен Хилми Тунахан (1888-1959). Ол діни білім алуды өз ауылында бастап, кейінірек Стамбұлда жалғастырыпты. Тунахан сопылық Нақышбанди тариқатының бір тармағын қалыптастырды. Бүгінде оның атымен аталатын осы жолдағы діни ағым көптеген елдерге тамырын жайып отыр. Ол елдердің арасында, әрине, Қазақстан ойып тұрып орын алады.
Сүлейменшілер, жоғарыда айтқанымыздай, қайырымдылық шараларын желеу етіп, балалар мен жастарды өз қатарларына тартады. «Пансионат» деп аталатын мекемелерін астыртын медресеге айналдырып, тәрбиеленушілерін сонда құлшылық етуге мәжбүрлейді. Дінді саясиландырып, діндар қауымның арасына іріткі салып отырады. Осылайша олар қазақты отаншылдық пен ұлттық діңінен айыратын әрекеттерді жүзеге асырған.
Имамдардың айтуынша, сүлейменшілер Құдайға құлшылықтарын пірлері Сүлеймен Тунаханды елестету арқылы жасайды екен. Бұны дінде рабыта дейді. Рабыта дегеніміз сопылықта шәкірттің ұстазымен немесе әулиемен байланысын білдіреді. Солай елітіп отырады, яғни трансқа түседі. Сондай-ақ бұлар жұма намазын мешіттен басқа жерлерде өткізе береді екен. Және де өздерінің бөлек намаз кестесі болады.
Әрине, бұның бәрі Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының пәтуалары мен ұстанымдарына қайшы келіп тұр. Сондықтан да және қоғамда туған дүрбелеңге байланысты ҚМДБ «Жібек Жолы» қайырымдылық мекемелері қауымдастығымен 2021 жылдың 26 қазанында жасалған екіжақты келісімді 2023 жылдың 26 қаңтарында тоқтатты.
Заң жағынан да шаралар қолданылып жатыр. Биыл мамырдың аяғында Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен аталған қауымдастыққа қарасты 26 қайырымдылық мекемесінің мемлекеттік тіркеуі жойылып, қызметі тоқтатылды. Сондай-ақ олардың бірқатарына және басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалған.
Қазір бұл ағыммен Түркияның өзінде де күрес жүргізіліп жатыр. Өйткені ол жақта сүлейменшілер діни радикалды ұйым деп танылған. Осындай теріс идеологиясы үшін Түркияның ресми діни басқармасы да 1995 жылы онымен ат құйрығын үзіскен.