Бүгін, 2025 жылғы 17 қыркүйекте, Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінің пленарлық отырысы басталды.
Іс-шара Тәуелсіздік сарайында өтіп жатыр. Форум мазмұндылығы жағынан тарихтағы ең ауқымдысы болмақ. Осы күндері Астанаға 60 елден келген 700-ден астам қонақ жиналды.
Съезд жұмысына ислам, христиан, иудаизм, буддизм, индуизм, даосизм, синтоизм және басқа да дін өкілдері, сондай-ақ әлемнің түкпір-түкпірінен халықаралық ұйымдар мен рухани орталықтардың өкілдері қатысуда.
Бұған дейін Съездің шынайы мақсаты – барлық діндердің жасампаздық күшін көрсетіп, рухани көшбасшылардың күш-жігерін қазіргі заманның жаһандық қайшылықтары мен өзекті мәселелерін бірлесіп шешуге жұмылдыру екені хабарланған болатын.
18 қыркүйекте Жас дін көшбасшыларының II форумы, сондай-ақ Оксфорд орталығы, Роттердам университеті және өзге де әлемдік ғылыми институттардың ғалымдары шақырылған сараптамалық дөңгелек үстел өтеді.
Сарапшылардың айтуынша, бұл «жай ғана астаналық форум емес, халықтар мен мәдениеттерді байланыстыратын көпір, ашық диалог пен өзара түсіністік алаңы».