Түркістан қаласында өткен халықаралық конференция аясында ҚМДБ жанындағы Ислам ғылыми-зерттеу институтының «Рухани мұра» жобасы бойынша «Мүфтият» баспасынан жарық көрген Қожа Ахмет Ясауидің «Құдіретнама» және Мұхаммед Шәріп Ахун Молда Ғұмарұлының «Раддия» кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті.
Салтанатты рәсімде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Раманқұлов, ясауитанушы-ғалым, профессор Досай Кенжетай,Түркиялық танымал ғалым, Хаджеттепе университетінің профессоры Өзкүл Чобаноғлу қос еңбектің тұсауын кесті.
«Құдіретнама» еңбегінде Алланың құдіреті мен жаратылыс сыры сөз болса, «Раддия» кітабында қажылық парызы, оның шариғи үкімдері мен «бадәл» мәселесі баяндалған. Бұл құнды еңбектер алғаш рет қазақ тіліне аударылып, ғылыми орта мен жалпы оқырман қауымға жол тартты.