Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

Қазақ мәдениеті – әлем назарында

Соңғы бес жылда ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мәдени бірегейлікті нығайту, креативті индустрияларды дамыту және ұлттық өнерді халықаралық деңгейде таныту бойынша ауқымды жұмыс жүргізді. Бұл кезеңде өнер саласында ауқымды өзгерістер орын алды. Аты аңызға айналған ұжымдар қайта жаңғырып, Қазақстанның Орталық Азиядағы мәдени орталық ретінде беделі артты.

2020 жылғы елдің жетекші мәдени ұйымдарының мәртебесін көтеру туралы шешім жаңа кезеңнің басталуына негіз болды. Бес негізгі ұжымға, Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестріне, М.Әуезов және Абай атындағы театрға, М.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры мен Ұлттық кітапханаға «Ұлттық» мәртебесі берілді. Осы кезеңде Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театры республикалық меншікке өтті. Бұл қадам театрдың даму мүмкіндіктерін кеңейтті. Кейін де мәдени бастамалар көтеріліп, ел үшін жаңа мүмкіндіктер ашылды. 2022 жылы материалдық емес мәдени мұраның екеуі – «Ортеке» қуыршақ би өнері мен Қожанасыр туралы аңыз ЮНЕСКО-ның репрезентативті тізіміне енді. Қазақстан эстрадасының символы саналатын «Гүлдер» ансамблі қайта құрылды. Роза Бағланова, Мұхтар Әуезов және Ахмет Байтұрсыновтың мерейтойларына орай 2 500-ден астам іс-шара өтті, олардың көпшілігі халықаралық деңгейде ұйымдастырылды.

2023 жылдың соңғы кезеңі стратегиялық жоспарлау кезеңіне айналды. Атап айтсақ, Үкіметтің шешімімен Қазақстан Республикасының 2023-2029 жылдарға арналған мәдени саясат тұжырымдамасы бекітілді. Бұл құжат ұзақ мерзімді бағыттарды анықтап, халықаралық ынтымақтастыққа жаңа серпін берді. Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойы аясында 660 іс-шара ұйымдастырылды. Соңғы жылдары Қазақстан мәдениеті күндері бірқатар елдерде (Әзербайжан, Армения, Түркменстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Мысыр, Ресей және басқаелдерде) ұйымдастырылды. Қазақстан өнерпаздары қатысқан гала-концерттер, театр қойылымдары, қолданбалы және көркемөнер көрмелері, ұлттық фильмдердің көрсетілімі және этно топтардың музыкалық кештері өтті.

Қазақстан делегациясы Каир қаласындағы жаңадан қалыпқа келтірілген Сұлтан әз-Заһир Бейбарыс мешітінің салтанатты ашылу рәсіміне және халықтық қолөнермен өнер көрмесіне қатысты. Ташкент пен Самарқанд қалаларында «Абай» операсының тұсаукесері мен «Қазақконцерт» ұжымының концерті өтті. Сонымен қатар Қазақстан Тәжікстан, Әзербайжан және Саха Республикасының (РФ) мәдениет күндерін ұйымдастырды.
 

Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

 

23.10.2025

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер