Сауд Арабиясының билігі әл-Харам мешітінің ішінде, соның ішінде Қағба аумағында фото және видео түсіруге ресми түрде тыйым салды. Бұл шешім биылғы қажылық пен ұмра маусымынан бастап күшіне енді. Бұл туралы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары хабарлады.
Тыйым ұялы телефондармен, фотоаппараттармен және бейнекамералармен түсірілім жасауға қатысты. Ресми мәлімдемелерде бұл шаралардың негізгі мақсаттары ретінде:
– қажылардың жеке кеңістігін қорғау;
– ғибадаттың рухани атмосферасын сақтау;
– қасиетті орынды селфи мен туристік белсенділік аймағына айналдырмау және жамағаттың құлшылыққа толық көңіл бөлуіне мүмкіндік беру
көрсетілген.
Қажыларға аталған талапты бұзу құрылғылардың тәркіленуіне және қасиетті орындардағы қауіпсіздік ережелеріне сәйкес санкциялар қолданылуына әкелуі мүмкін екені ескертілді.