Сиднейдегі Бонди жағажайында жексенбі күні әкесімен бірге Ханука мерекесіне арналған жағажайлық кеште оқ атқан 24 жастағы Навид Акрамға терроризм, кісі өлтіру және кісі өлтіруге оқталу баптары бойынша айып тағылды. Оқиғадан кейін әкесі қаза тапқан.
Австралия полициясы өткен жексенбіде Бонди жағажайында 15 адамның өмірін қиған терактке қатысы бар екі адамның біріне — тірі қалғанына — 59 айып тағылғанын хабарлады. Қанды шабуылды әкесі мен баласы — Саджид және Навид Акрам ұйымдастырған.
Оқиға орнына жеткен полицейлер Саджид Акрамды атып өлтірген. Ал 24 жастағы Навид Акрам ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Ол біраз уақыт комада жатып, жақында ғана есін жиған.
Осы уақытта Бонди-Бичтегі теракт құрбандарымен алғашқы қоштасу рәсімдері өтті. Жағажайда Ханука мерекесін атап өту кезінде екі қарулы адам оқ жаудырған болатын.
Алғаш болып 41 жастағы Эли Шлангермен қоштасты. Ол — бес баланың әкесі әрі теңіз жағасындағы Ханука мерекесін ұйымдастырған қауымдастықта раввиннің көмекшісі болған. Анықталған барлық құрбандар — еврей ұлтының өкілдері. Қазіргі таңда 20-дан астам адам оқ жарақатымен ауруханада жатыр.
Сот өкілдерінің хабарлауынша, Навид Акрамға 15 адамды өлтіргені үшін және 40 рет кісі өлтіруге оқталғаны үшін жеке-жеке айып тағылған. Бұл туралы The Guardian басылымы жазды.
Жергілікті биліктің мәліметінше, тергеу барысында жиналған айғақтар мен Израиль бұқаралық ақпарат құралдарының хабарларына сүйенсек, екі шабуылдаушы да «Ислам мемлекеті» террористік ұйымының идеологиясын ұстанған.
Дереккөз: euronews.com