Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

Баварияда Рождестволық жәрмеңкеде теракттің алды алынды

Германия полициясы Рождестволық жәрмеңке келушілерінің арасына көлікпен кіріп кетуді жоспарлаған бес адамды ұстады.

Bild басылымының жазуынша, Баварияда Мюнхен қаласынан солтүстік-шығысқа қарай орналасқан Дингольфинг ауданы маңындағы Рождестволық жәрмеңкеге шабуыл жасауды жоспарлады деген күдікпен бес ер адам қамауға алынған. Басылым неміс билігі теракт туралы ақпаратты шетелдік арнайы қызметтерден алғанын хабарлағанымен, кей дереккөздер бұл мәліметті жоққа шығарады.

БАҚ мәліметінше, қамауға алу 12 желтоқсанда жүргізілген, алайда бұл туралы ресми түрде жексенбі күні ғана жарияланған. Ұсталғандар — үш марокколық, бір мысырлық және бір сириялық азамат. Тергеу деректеріне сәйкес, олар жәрмеңке қонақтарының үстіне автокөлікпен шабуыл жасауды көздеген. Прокуратураның хабарлауынша, Мысыр азаматы топтың діни жетекшісі болып, марокколықтарды адамдарды көлікпен қағып кетуге үгіттеген.

Баварияның ішкі істер министрі Йоахим Херрманн арнайы операцияға қатысқан барлық қызметкерлерге алғыс білдірді. «Бұл жағдай біздің қауіпсіздік күштеріміздің жедел әрекет етуі мен тиімділігінің жоғары деңгейін айқын көрсетеді», — деді ол.

Германияда өткен жылғы желтоқсанда болған қайғылы оқиға әлі де ел жадында. Сол кезде Магдебург қаласындағы Рождестволық жәрмеңкеде қара түсті BMW көлігі адамдарды қағып, салдарынан қаза тапқандар мен жараланғандар болған еді. Оқиға орнында 2006 жылдан бері Германияда тұрып келген саудиялық психиатр Талеб әл-Абдулмохсен ұсталған.

Биыл Германиядағы Рождестволық жәрмеңкелерде қауіпсіздік шаралары күшейтілген күйінде қалуда. Әсіресе Баварияда жәрмеңкелерге кіреберісте келушілердің қалталары мен сөмкелері тексеріледі.

Дереккөз: euronews.com

15.12.2025

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер