Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

Қазақстан мен Мысыр мүфтилері пәтуа және тағылымдама саласындағы ынтымақтастықты талқылады

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Араб Республикасы Мысырға жасаған ресми сапары аясында Мысырдың Бас мүфтиі Назир Аядпен кездесті.

Кездесу барысында тараптар діни-рухани ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылап, пәтуа шығару саласына қатысты өзекті бағыттарға назар аударды. Атап айтқанда, пәтуа саласындағы өзара ықпалдастықты нығайту, ислам құндылықтарын насихаттау, сондай-ақ қазіргі заман талаптарына сай діни мәселелер бойынша ғылыми негізделген ортақ ұстаным қалыптастыру мәселелері сөз болды.

Жоғарғы мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Мысырдың ислам өркениетіндегі айрықша рөлін атап өтіп, бұл елдегі ғылыми мектептердің (фикһ, ақида, тәпсір және хадис) бүгінгі күнге дейін мұсылман әлемі үшін маңызды бағдар болып отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, жаһандық сын-қатерлер жағдайында пәтуа шығару жауапкершілігінің арта түскені айтылды.

Осыған байланысты тараптар заманауи мәселелер бойынша бірлескен ғылыми пәтуалар әзірлеу, сондай-ақ екі ел ғалымдары арасында тұрақты ғылыми диалог орнату және тәжірибе алмасу қажеттігін атап өтті.

Бұдан бөлек, ҚМДБ қызметкерлері мен қазақстандық жас ғалымдарға арналған тағылымдамалар мен қысқамерзімді оқу бағдарламаларын ұйымдастыру мәселесі талқыланды. Оқыту Мысыр мүфтиятының «Дар әл-Ифта» орталығы мен Әл-Азһар оқу орындарының базасында өткізу жоспарлануда.

Кездесу соңында тараптар Қазақстан мен Мысыр арасындағы өзара сенімге негізделген ынтымақтастықтың алдағы уақытта да нығая түсетініне сенім білдірді.

17.12.2025

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер