Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

Қазақстан ИСЕСКО штаб-пәтерінде Әл-Фарабидің есімін ұлықтады

Мароккодағы Қазақстанның елшісі Саулекүл Сайлауқызы Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Ислам әлемі ұйымының (ИСЕСКО) Бас директоры Салим әл-Маликпен кездесті. Бұл кездесу 2026 жылғы 2–4 ақпанда ИСЕСКО штаб-пәтерінде өткен «Әл-Фарабидің балалық шағы мен өмірі» атты көркемөнер көрмесінің қисынды жалғасы болды. Көрменің авторы – Қазақстанның көрнекті суретшісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, еңбек сіңірген қайраткер, Қазақстан Өнер академиясының академигі Жанұзақ Мусапір.

Көрме барысында суретші ислам әлемінің ұлы ойшылына құрмет ретінде Әл-Фарабидің өміріне арналған бірқатар картиналарды ИСЕСКО-ға сыйға тартты. Өткен кездесуде осы картиналарды Ұйымның қорына ресми түрде тапсыру рәсімі өтті. Полотналар Рабаттағы ИСЕСКО штаб-пәтеріне салтанатты түрде орналастырылып, Ұйымға ерекше мәдени атмосфера мен қайталанбас эстетикалық келбет берді.

ИСЕСКО Бас директорына көрмені ұйымдастыруға қосқан үлесі үшін Қазақстан Өнер академиясының медалі мен Құрмет грамотасы табысталды.

Тараптар көркем полотналарды тапсыру исламдық ортақ мұраны, халықтарды біріктіретін рухани құндылықтарды бейнелейтінін және Қазақстанның ұлы ойшылдың есімін халықаралық аренада кеңінен насихаттауға деген тұрақты ұмтылысын көрсететінін атап өтті.

Сонымен қатар, кездесу барысында Қазақстан мен ИСЕСКО арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланып, білім, ғылым және мәдениет салаларындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамыту бағыттары айқындалды.

Дереккөз: Kazislam.kz порталы

 

 

22.02.2026

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер