Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында берген тапсырмасын орындау аясында Жаркент мешіті мен Вознесенск шіркеуі ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра нысандарының алдын ала тізіміне (Tentative List) енгізілді. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Карин хабарлады.
Жаркент мешіті XIX ғасырдың соңындағы діни сәулет өнерінің бірегей ескерткіші саналады. Ол исламдық сәулет дәстүрі мен Шығыс Азия елдерінің құрылыс өнерін үйлестіре тоғыстырған жарқын үлгі болып табылады.
Инженерлік және көркемдік шешімдерімен танымал Вознесенск шіркеуі XX ғасырдың басындағы православиелік ағаш сәулетінің көрнекті туындысы ретінде бағаланады.
— Бұл нысандардың бірлесіп тізімге енгізілуі Қазақстанның мәдени алуан түрлілігін айқын көрсетеді. Сондай-ақ Орталық Азияда ислам және христиан дәстүрлері тарихи тұрғыда қатар, үйлесімді дамып, бір-біріне өзара ықпал еткенін дәлелдейді. Мешіт пен шіркеудің алдын ала тізімге енуі — Қазақстанның мәдени мұрасын сақтау және кеңінен таныту ісіндегі маңызды кезең. Бұл қадам ЮНЕСКО-ның рәсімдері мен талаптарына қатаң сәйкес келетін номинациялық құжаттарды әзірлеуге негіз қалайды, — деп жазды Ерлан Карин Facebook-тегі парақшасында.
Дереккөз: Kazislam.kz порталы