Мемлекет басшысының Баспасөз қызметі Қасым‑Жомарт Тоқаевтың Ораза айт мерекесімен құттықтауын жариялады.
Құрметті отандастар!
Сіздерді Ораза айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – барлық мұсылман үшін рухани тазару мен жаңғыруды, өзара құрмет пен ынтымақты, қанағат пен ұстамдылықты, мейірім мен ізгілікті білдіретін айрықша әрі қасиетті мейрам. Отыз күн ораза тұтқан жамағат өзімен‑өзі және әлеммен үйлесім табады, рухын шыңдайды, айналасындағылармен өмірдің қуанышын бөліседі, мұқтаж жандарға қолдау көрсетеді. Бұл қағидаттар Исламның шынайы мәнін айқындайды, қоғамымыздың негізін құрайтын жоғары адамгершілік құндылықтар мен гуманистік идеалдарды нығайтуға қызмет етеді. Биыл Ораза айттың Наурыз мерекесімен тұспа‑тұс келуі еліміздің дамуындағы жаңа тарихи кезеңнің символына айналды.
Қазақстан халқы Жаңа Конституцияны қабылдап, Жарқын болашаққа, Әділетке, Прогреске деген берік таңдау жасады. Халық еркінің бұл шын мәніндегі жасампаз көрінісі тәуелсіз мемлекетіміздің жылнамасындағы жаңа белес болмақ. Баршаңызға зор денсаулық, бақыт және амандық тілеймін! Отанымыз – Қазақстан Республикасы гүлдене берсін! Ораза айт қабыл болсын!
Kazislam.kz порталы