ҚМДБ-ның Діни сараптама бөлімі 2026 жылдың бірінші тоқсаны бойынша жұмыс қорытындысын шығарды. Мониторинг барысында ведомство мамандары ел бойынша діни әдебиеттерге тексеру жүргізді. Бөлім деректеріне сәйкес, есепті кезеңде:
328 намазхана мен 59 түзеу мекемесі;
мешіттер жанындағы 122 діни дүкен;
9 медресе мен 22 қари даярлау орталығының кітапхана қорлары тексерілді.
Сонымен қатар мамандар 85 баспа өнімін сараптамадан өткізді. Талдау нәтижесінде 53 кітап мақұлданды, ал 2 басылымға теріс қорытынды беріліп, таратуға тыйым салынды. Тағы 15 шетелдік басылым тексеруден өтіп, пайдалануға рұқсат алды.
Кең ауқымды мониторинг барысында деструктивті діни ағымдарды насихаттайтын әдебиеттер анықталған жоқ.
Бөлім басшысы Нұрлан Евфратұлы мұндай тексерулер азаматтардың рухани қауіпсіздігін қамтамасыз ету және діни контенттің сапасын бақылау мақсатында ай сайын жүргізілетінін атап өтті.