Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

Ерлан Қарин: Мемлекет заңдары діни шектеулерден жоғары

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин Facebook парақшасында Қазақстанда діни шектеулерден бұрын мемлекет заңдарының басымдығы сақталатынын атап өтіп, білімді, ғылымды, өнер мен мәдениетті қолдаудың маңыздылығына тоқталды.

— Әлеуметтік желіде тойда тілек айтып тұрып, орынсыз діни уағыз айтқан азаматтың видеосын көрдім. Оның әйелдерге қатысты қабылдауға болмайтын сөздері, сондай-ақ әншілер мен музыка өнеріне деген теріс көзқарасы халқымыздың құндылықтарына мүлде жат. Бұл біздің ұлттық дүниетанымымызға сәйкес келмейді. Қазақстан — зайырлы мемлекет. Басты бағдарымыз — Конституция. Біздің елімізде діни шектеулер емес, мемлекет заңдары бірінші орында тұрады. Сондай-ақ өнер мен мәдениетті дінге қарсы қоюға болмайды. Бұл — шектен шығудың көрінісі. Мемлекет білімді, ғылымды, өнер мен мәдениетті қолдау жолын таңдады, — деп жазды Ерлан Қарин.

Оның айтуынша, адамдарды көпшілік алдында бөліп-жару және өз көзқарасын өзгелерге таңу өзара құрмет пен әдеп қағидаларына қайшы келеді.

— Біз өзара сыйластықты, қарым-қатынас мәдениетін және әр адамның қадір-қасиетін жоғары бағалаймыз. Сондықтан елімізде жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Қоғам ретінде ұлттық болмысымыз бен мемлекеттік ұстанымдарымызға қайшы келетін мұндай әрекеттерге бірге қарсы тұруымыз қажет, — деді Ерлан Қарин.

Дереккөз: Kazislam.kz

04.08.2026

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер