Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

Австралияда 16 жастағы жасөспірім террорлық шабуылға дайындалу ісі бойынша кінәсін мойындады

2026 жылғы 1 қыркүйек. Австралияның Жаңа Оңтүстік Уэльс штатының Жоғарғы соты Сидней қаласында террорлық шабуыл жасауға дайындалу ісі бойынша 16 жастағы жасөспірімнің ісін қарады. Сот барысында ол өзіне тағылған айып бойынша кінәсін мойындады.

Австралия заңнамасына сәйкес кәмелетке толмаған күдіктінің жеке басы жарияланған жоқ. Тергеу мәліметіне сәйкес, жасөспірім 2024 жылы интернет арқылы исламдық экстремистік сипаттағы материалдардың ықпалына түскен.

Онлайн-радикалдану фактісі анықталды

Іс материалдарында көрсетілгендей, жасөспірім кейіннен басқа қолданушылармен байланыс орнатып, терроризм тақырыбындағы жазбаларды талқылаған және ықтимал шабуылдарға қатысты ақпарат іздеген.

2024 жылдың тамыз айында Австралия федералдық полициясы оны Сидней қаласының батыс бөлігіндегі тұрғылықты жерінде ұстаған. Тінту барысында оның компьютерінен экстремистік сипаттағы 40-тан астам бейнематериал табылған.

Үкім қазан айында жарияланады

Сот отырысында жасөспірім қазіргі уақытта экстремистік көзқарастардан бас тартқанын және бұрынғы ұстанымдарын қолдамайтынын мәлімдеді.

Қорғаушы тарап оны радикалданудан арылту бағдарламаларын жалғастыруға мүмкіндік беретін жаза қолдануды сұрады. Ал прокуратура жасалған әрекеттердің сипатын ескере отырып, бас бостандығынан айыру жазасын қарастыру қажеттігін айтты.

Іс бойынша үкім 2026 жылғы 29 қазанда жарияланады.

Онлайн-радикалданудың алдын алу мәселесі

Бұл іс интернет кеңістігінде кәмелетке толмағандардың экстремистік идеологияның ықпалына түсу қаупінің сақталып отырғанын көрсетеді. Сарапшылардың пікірінше, радикалды контентке қолжетімділік пен жабық онлайн-қауымдастықтардағы байланыстар жастардың зорлық-зомбылық идеологиясына тартылуына ықпал етуі мүмкін.

Осыған байланысты құқық қорғау органдары мен мамандар жастар арасында онлайн-радикалданудың алдын алу, медиасауаттылық пен сыни ойлауды дамыту шараларының маңыздылығын атап өтеді.

 

02.09.2026

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер