Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

Еуроодақ 15 жасқа толмаған жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді пайдалануына шектеу енгізуді жоспарлап отыр

Еуропалық комиссияның ұсынысы жасөспірімдердің жас ерекшелігіне қарай әртүрлі цифрлық қызметтерге біртіндеп қол жеткізуін қарастырады.

Еуропалық одақ 15 жасқа толмаған жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді, бейне алмасу платформаларын, жасанды интеллект негізіндегі чат-боттарды және онлайн ойындарды пайдалануына тыйым салуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Reuters.

Агенттік журналистерінің қолына түскен Еуропалық комиссия құжатында бұл интернеттегі қауіптерден балаларды қорғауға бағытталған ең ауқымды жоспар екені атап өтілген.

Еуроодақтың бұл ұсынысы балалардың құқықтарын қорғауға арналған ЕО заң жобасының бір бөлігі болып табылады. Аталған құжатты Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен мен ЕО технологиялар жөніндегі комиссары Хенна Вирккунен 17 қыркүйекте таныстырады.

«ЕО-ның тәсілі кәмелетке толмағандарға цифрлық қызметтердің орасан зор мүмкіндіктерін пайдалануға мүмкіндік бере отырып, оларды теріс пайдаланудан және қанаудан қорғауға тиіс. Технологиялық компаниялардың балаларымызға қол жеткізуін шектеу қажет, керісінше балалардың оларға қолжетімділігін шектеудің қажеті жоқ», — делінген құжатта.

Еуропалық комиссияның ұсынысы бейне ойын платформаларына да қатысты болады. Құжатқа сәйкес, әртүрлі цифрлық қызметтерге қолжетімділік баланың жасына қарай кезең-кезеңімен беріледі. Бұл ретте компанияларға қойылатын талаптар қызметтің түрі мен баланың жасына байланысты болады.

Құжатқа сәйкес, компаниялар заң талаптарының орындалуын қамтамасыз ететін реттеуші органдардың қызметін қаржыландыру үшін арнайы қадағалау алымын төлеуге міндетті болады.

Ұсыныс бойынша, 15 жастан асқан жасөспірімдер өз аккаунттарын өздері аша алады. Ал 13–14 жастағы балалар ата-аналарынан әлеуметтік желілер мен бейне алмасу платформаларында ата-ана бақылауындағы сынақ аккаунтын ашуды сұрай алады. Мұндай аккаунттарда байланыс орнатуға болатын адамдар саны шектеулі болып, платформаларды пайдалану уақыты қатаң реттеледі.

3 пен 12 жас аралығындағы балалардың аккаунттары ата-аналардың толық бақылауында болады. Олар тек балаларға арналған және қауіпсіздіктің қатаң стандарттарына сәйкес келетін цифрлық қызметтерді пайдалануға мүмкіндік береді.

Заң жобасы қабылданғанға дейін Еуропалық комиссия алдағы айларда оны ЕО-ға мүше мемлекеттермен және Еуропалық парламентпен келісуі тиіс.

Шілде айында Франция заң шығарушылары 15 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге қол жеткізуіне тыйым салуды мақұлдаған болатын. Өзгерістер 1 қыркүйектен бастап күшіне енуі тиіс еді. Алайда тамыз айында Францияның Конституциялық кеңесі жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді пайдалануына тыйым салу туралы норманы қабылдамай, оның пікір білдіру еркіндігін бұзатынын мәлімдеді.

Дереккөз: Informburo.kz

Informburo.kz сайтындағы түпнұсқа мақала

15.09.2026

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер