Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

Бакуде Түркі мемлекеттерінің мұсылман діни басқармалары басшылары Бакин декларациясын қабылдады

14 қыркүйекте Бакуде Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше мемлекеттердің мұсылман діни басқармалары басшылары кеңесінің VII отырысы өтті. Кездесуге Әзербайжан, Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Солтүстік Кипрдің діни құрылымдарының өкілдері қатысты.

Отырыстың қорытындысы бойынша Түркі мемлекеттері ұйымының мұсылман діни басқармалары басшылары кеңесінің Бакин декларациясы қабылданды.

Құжатта түркі мемлекеттері мен халықтары арасындағы ынтымақтастықты нығайту, түркі-ислам рухани және мәдени құндылықтарын дәріптеу, діни білім беру мен ғылыми байланыстарды дамыту, сондай-ақ жастардың діни сауатын арттыру мәселелеріне басымдық берілген.

Экстремизм мен терроризмге қарсы бірлескен жұмыс

Бакин декларациясында терроризмге, экстремизмге, сепаратизмге, исламофобияға, түркофобияға, конфессияаралық кемсітушілікке және өшпенділікке шақыруларға қарсы бірлескен жұмысты жалғастыру қажеттігі атап өтілген.

Сонымен қатар құжатта әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, діни әдебиеттерді түркі тілдеріне аудару, діни білім беру саласында тәжірибе алмасу және Түркі әлемінің тарихи мұрасын зерттеу мен насихаттау бағыттары да қамтылған.

Бірлескен діни құжаттар қабылданды

Кездесу аясында үш бірлескен құжатқа да қол қойылды. Олар отбасы институтын қорғау және нығайту, исламның ғылым мен технологияның дамуына көзқарасы, сондай-ақ тәкфир мәселесіне қатысты ресми теологиялық ұстаным тақырыптарына арналған.

Кездесуде Қазақстан атынан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысты.

Жиын қорытындысында Түркі мемлекеттері ұйымы мұсылман діни басқармалары басшылары кеңесінің келесі отырысы Түркияда өтетіні хабарланды.

16.09.2026

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер