— Бұл шаралар пакеті тілді меңгеру арқылы интеграцияны нығайтуға бағытталған және оңшыл коалиция серіктестерінің қолдауына ие болды, — деп хабарлайды Associated Press (AP). Агенттік хиджабты киім элементі ретінде тағуға рұқсат етілетінін атап өтті.
Құжат сондай-ақ итальян тілін нашар меңгерген жаңадан келген шетелдік оқушылардың бір сыныптағы үлесін жалпы оқушылар санының 30 пайызымен шектейді. Егер мұндай оқушылардың саны белгіленген мөлшерден асып кетсе, олар басқа сыныптар мен мектептерге бөлінеді. Италия премьер-министрі Джорджа Мелонидің айтуынша, бұл шаралар балалардың қоғамға жақсырақ бейімделуіне, барлық оқушыға тең мүмкіндік жасауға және «гетто-сыныптардың» қалыптасуын азайтуға бағытталған.
Үкімет қаулысы бірден күшіне енеді. Алайда оны парламент 60 күн ішінде мақұлдауы тиіс. Премьер-министр коалициясы парламентте көпшілік орынға ие.
Джорджа Мелони үкіметі Италияның көші-қон және тіл саясатын одан әрі қатаңдатуды жалғастырып келеді. 2025 жылғы қарашада премьер-министр заңсыз мигранттар мен баспана іздеушілерді Албаниядағы арнайы орталықтарға орналастыруды жалғастыру ниеті бар екенін мәлімдеген. Бұл мәселе бойынша Италия соттарының шешімдері мен Еуропалық Одақ сотының ұстанымы да бар.
Жаңа заң шетелдік оқушылардың ата-аналарына да қатысты. Егер отбасындағы тілдік кедергі баланың оқуына немесе тәртібіне қиындық келтірсе, ата-аналар итальян тілін тегін үйрететін курстарға қатысуға міндеттеледі. Курстарға қатысудан бас тартқандарға 200-ден 1000 еуроға дейін айыппұл салынуы мүмкін.
Шетелдік оқушылардың үлесін 30 пайызбен шектеу Италияда 2010 жылдан бері қолданылып келеді. Алайда жаңа ережелер бойынша бұл талаптың сақталуына бақылау күшейтіледі.
Елдегі кәсіподақ өкілдері мен мұғалімдер жаңа ережелерді сынға алып, шетелдік оқушылардың үлесі жоғары аудандарда оларды басқа мектептерге бөлу іс жүзінде қиындық туғызуы мүмкін екенін атап өтті. Педагогтардың пікірінше, үкімет тілдік қолдауға бөлген 14 миллион еуро да жеткіліксіз болуы мүмкін.
Бұған дейін Австрияда 14 жасқа толмаған қыздарға мектепте орамал тағуға тыйым салынатыны хабарланған болатын.
Еске сала кетейік, тамыз айының соңында Португалия бет-жүзді толықтай жасыратын киім киюге тыйым салды. Мұндай шектеулер Франция, Бельгия, Австрия, Дания және басқа да бірқатар мемлекеттерде қолданылады.