Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы кеңесінің алғашқы сессиясында мәлімдеді.
Екі тарихи нысан «Орталық Азияның қасиетті ағаш сәулеті: XIX–XX ғасырлар тоғысындағы ислам және христиан дәстүрлері» атты бірыңғай сериялық номинация аясында ұсынылған.
Жаркент мешіті XIX ғасырдың соңында салынған. Нысанның сәулетінде исламдық дәстүрлермен қатар жергілікті және шығысазиялық ағаш құрылыс элементтері үйлесім тапқан.
Алматыдағы Вознесенск кафедралды соборы 1904–1907 жылдары бой көтерген. Ол ағаштан салынған православ сәулетінің көрнекті үлгілерінің бірі саналады.
ЮНЕСКО мәліметінше, екі нысан да әртүрлі діни және мәдени дәстүрлердің ықпалымен қалыптасқан бірегей монументалды ағаш сәулетінің үлгісі болып табылады.
Жаркент мешіті мен Вознесенск кафедралды соборының алдын ала тізімге енгізілуі олардың ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне түпкілікті енгенін білдірмейді.
Алдын ала тізім – мемлекеттер болашақта Бүкіләлемдік мұра мәртебесіне ұсынуды жоспарлап отырған нысандардың тізімі. Негізгі тізімге енгізу үшін арнайы номинация дайындалып, ЮНЕСКО-ның белгіленген бағалау рәсімдерінен өту қажет.
Мемлекет басшысы аталған тарихи нысандардың Қазақстанның мәдени және рухани мұрасының маңызды бөлігі екенін атап өтті.