Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

Қазақстанда дін саласының мамандарын қай жерде даярлайды: оқу орындарының тізімі

Қазақстанда 5,6 мыңнан астам студент діни білім алуда. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

— Қазақстанда дін саласында мамандар даярлайтын 15 теологиялық білім беру ұйымы жұмыс істейді. Бұл оқу орындарында 5,6 мыңнан астам студент білім алуда, — делінген Комитет жауабында.

Дін саласындағы уәкілетті орган өз құзыреті шегінде Қазақстан аумағында құрылған діни бірлестіктердің, миссионерлердің және діни білім беру ұйымдарының қызметін зерделеп, талдау жүргізеді.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, республикалық және өңірлік діни бірлестіктер өз жарғыларына сәйкес діни қызметшілерді даярлауға бағытталған кәсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыратын діни білім беру ұйымдарын құруға құқылы.

— Қазіргі уақытта Қазақстанда дін саласында мамандар даярлауға бағытталған 15 теологиялық оқу орны жұмыс істейді. Оның 13-і ислам бағыты бойынша, екеуі христиан бағыты бойынша білім береді, — деп атап өтті ведомствода.

Комитеттің мәліметінше, ислам бағыты бойынша білім беретін оқу орындарының қатарында «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті, тоғыз медресе-колледж, Хусамуддин әс-Сығанақи атындағы Ислам институты, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Имамдардың республикалық біліктілігін арттыру ислам институты, сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауи атындағы Имамдардың республикалық біліктілігін арттыру ислам институты бар.

Христиандық бағыттағы діни білім беру жүйесінде Алматы православтық рухани семинариясы және Қарағанды қаласындағы «Мәриям — Шіркеу Анасы» епархияаралық жоғары рухани семинариясы жұмыс істейді. Бұл білім беру ұйымдарында теологиялық және діни кадрлар даярланады.

Уәкілетті органның мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстан аумағында басқа діни білім беру ұйымдарын ашуға қатысты тіркелген өтініштер жоқ.

02.10.2026

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер