Қазақстан Республикасының Вице-Президенті – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының басшысы Ерлан Қарин Қасиетті Тақтың Дінаралық диалог жөніндегі дикастериясының префекті, кардинал Джордж Джейкоб Кувакадпен кездесті.
Кездесу барысында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі мен бірлескен коллоквиум аясындағы өзара іс-қимыл, сондай-ақ бірлескен гуманитарлық бастамаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Кардинал Джордж Джейкоб Кувакад Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Рим Папасы XIV Леоның ыстық ықыласпен жолдаған сәлемін және Қазақстан халқына ізгі тілегін жеткізді.
Кездесуден кейін Ерлан Қарин мен кардинал Джордж Кувакад ауыр әрі жазылмайтын дертке шалдыққан балалардың өмірін, денсаулығы мен қадір-қасиетін қорғауға арналған II бірлескен коллоквиумның ашылу рәсіміне қатысты.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың, діни ұйымдардың, медицина, ғылым және білім беру мекемелерінің өкілдері, сондай-ақ сарапшылар қатысты.
Коллоквиумның ашылуында сөз сөйлеген Ерлан Қарин дінаралық диалог нақты гуманитарлық нәтижелерге бағытталуы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, жүргізіліп жатқан өзгерістердің басты мақсаты – азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Ал балалардың, әсіресе ең осал санаттағы балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі болып табылады.
Коллоквиумға қатысушылар Қазақстан мен Ватиканның бірлескен бастамасы ретінде ұсынылып отырған жазылмайтын дертке шалдыққан балалардың құқықтары туралы хартия жобасын талқылады.
Ерлан Қарин құжатты әзірлеуге қосқан үлесі үшін Дінаралық диалог жөніндегі дикастерия мен «Бамбино Джезу» госпиталіне алғыс білдірді. Сондай-ақ госпитальдің Қазақстандағы University Medical Center корпоративтік қорымен ынтымақтастығын атап өтті.
Сөз соңында Вице-Президент қатысушыларға жемісті жұмыс пен мазмұнды пікірталас тіледі.
Дереккөз: Ақорда