Кенияда «Жақсы хабар» (Good News) діни сектасының жетекшісі Пол Маккензи мен оның сыбайластары 190 баланың және бір ересек адамның өліміне қатысты кісі өлтіру ісі бойынша кінәлі деп танылды. Бұл туралы CBS News хабарлады.
2023 жылдан бастап Кенияның Малинди курорттық қаласының шетінде орналасқан секта аумағынан жүздеген адамның мәйіті табылды. Олардың басым бөлігі балалар болған.
Сектаның өзін-өзі жариялаған жетекшісі Пол Маккензи ізбасарларын «Исамен қауышу» үшін аштықтан өлуге шақырған деген айып тағылды.
Бұл іс бойынша барлығы 29 адам айыпталған.
Айыптау тарапының мәліметінше, Пол Маккензи ізбасарларын тамақтан бас тартуға және балаларын тамақтандырмауға үгіттеген. Ол өлімнің өзіндік иерархиясы бар екенін айтып, алдымен балалар, содан кейін жасөспірімдер, әйелдер, ең соңында ер адамдар қайтыс болуы керек деп сендірген.
Сот-медициналық сараптама қорытындылары мен полиция есептеріне сәйкес, балалардың басым бөлігі аштықтан көз жұмған. Сонымен қатар кейбірінің тұншығудан және бас-ми жарақаттарынан қайтыс болғаны анықталған.
Секта жетекшісі 2023 жылғы сәуірде құқық қорғау ұйымы оның ізбасарларының өлімі туралы мәлімдегеннен кейін ұсталды. Полиция операциясы барысында жүздеген таяз қабір табылып, олардан адам сүйектері шығарылды.
Кенияның Адам құқықтары жөніндегі ұлттық комиссиясы 2024 жылы қаза тапқандар саны 429 адамға жеткенін мәлімдеді. Алайда құрбандардың кейбірінің жеке басы әлі күнге дейін анықталмаған.
Сот үкімін жариялау 6 қарашаға жоспарланған.
Дереккөз: Informburo.kz