Атырау қаласында экстремистік топ құрды, оның қызметіне қатысты, терроризмді насихаттады және діни алауыздықты қоздырды деген күдікпен 10 адам ұсталды. Тергеу нұсқасы бойынша, олар Қазақстанның батыс өңірінде конституциялық құрылыс негіздерін күшпен өзгертуді мақсат еткен.
2026 жылғы 30 қазанда Ұлттық қауіпсіздік комитеті прокуратура органдарының үйлестіруімен Атырау қаласында сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде арнайы іс-шаралар жүргізді. Нәтижесінде 10 адам ұсталды.
ҰҚК баспасөз қызметінің мәліметінше, ұсталғандар экстремистік топ құру, оған басшылық ету және оның қызметіне қатысу, сондай-ақ терроризмді насихаттау және діни алауыздықты қоздыру күдігіне ілінген.
Тергеу нұсқасы бойынша, топ мүшелері Қазақстанның батыс өңірінде конституциялық құрылыс негіздерін күшпен өзгертуді көздеген.
Күдіктілердің тұрғылықты жерлерінде жүргізілген тінту барысында атыс қаруы, есірткі заттары, діни атрибутика, әдебиеттер және басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді.
Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдерге арналған үш жасырын оқу орталығының қызметі тоқтатылды.
Ведомствоның хабарлауынша, топ мүшелерінің бірқатары бұған дейін террористік және жалпы қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін сотталған.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Дереккөз: ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі.