Атырау облысында әлеуметтік желідегі тікелей эфир кезінде құқыққа қайшы мәлімдемелер жасап, әрекеттерге жол берген екі әйел анықталды. Оларға қатысты үш әкімшілік іс қозғалды.
Әлеуметтік желілерде тараған тікелей эфирдің бейнежазбасы тексеруге негіз болған. Трансляция барысында әйелдердің бірі өзін террорист деп атап, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері оны жақсы танитынын мәлімдеген.
Атырау облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, әйелдердің жеке басы анықталды. Олар 38 және 39 жастағы облыс тұрғындары болып шықты. Екеуі де полиция басқармасына жеткізілді.
Тексеру нәтижесінде оларға қатысты үш әкімшілік іс қозғалды. Атап айтқанда, ұсақ бұзақылық жасау, құқыққа қайшы контент тарату, сондай-ақ қоғамдық орындарда адамның жеке басын анықтауға кедергі келтіретін киім кию деректері бойынша әкімшілік іс жүргізу басталды.
Әкімшілік істердің материалдары қарау үшін сотқа жолданды.
Сонымен қатар әйелдермен теологтың қатысуымен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Кездесу барысында оларға заң талаптары, қоғамдық тәртіп нормалары және белгіленген ережелерді сақтау қажеттігі түсіндірілді.
Полиция департаменті әлеуметтік желілер заң талаптары қолданылмайтын кеңістік емес екенін еске салды. Тікелей эфир кезінде жасалған құқыққа қайшы әрекеттерге де қолданыстағы заңнамаға сәйкес құқықтық баға беріледі.
Дереккөз: Атырау облыстық Полиция департаменті.