ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасының Азия-Тынық мұхиты өңірлік тізіліміне Қазақстан ұсынған екі номинация енгізілді. Олар — Есік қорғанынан табылған күміс тостағандағы жазу және Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің баспа басылымдары жинағы.
Қазақстанның екі номинациясын өңірлік тізілімге енгізу туралы шешім 2026 жылғы 5 қарашада Джакарта қаласында өткен «Әлем жады» бағдарламасының Азия және Тынық мұхиты өңірлік комиссиясының (MOWCAP) отырысында қабылданды.
Бірінші номинация - «Есік жазуы: Есік қорғанынан табылған күміс тостағандағы түркі руна жазуы». Бұл тарихи жәдігер ежелгі тарих пен түркі халықтарының жазба мәдениетін зерттеуде ерекше маңызға ие.
Екінші номинация - «Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің баспа басылымдары жинағы». Онда қазақтың ақыны, ағартушысы әрі ойшылы Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің құжаттық мұрасы қамтылған.
Аталған екі номинацияның өңірлік тізілімге енгізілуі Қазақстанның құжаттық және тарихи-мәдени мұрасының халықаралық деңгейде мойындалғанын көрсетеді.
Сонымен қатар бұл шешім ұлттық мұраны сақтау, зерттеу және оны шетелде кеңінен танытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Дереккөз: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.