Алматы қаласының Наурызбай ауданындағы Қарағайлы қорымында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде б.з.д. IV–III ғасырларға жататын аю бейнесіндегі шағын алтын мүсінше табылды. Мамандардың болжамынша, бұл бұйым бас киімді әшекейлеуге арналған.
2026 жылы Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Алматы қаласы музейлер бірлестігі Қарағайлы қорымында шұғыл археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Зерттеу барысында бірегей алтын бұйыммен қатар көптеген адам сүйектері мен көне қыш ыдыстардың сынықтары анықталды.
Алдын ала зерттеу нәтижелеріне сәйкес, қорған ерте темір дәуірінің сақ кезеңіне жатады және б.з.д. IV–III ғасырлармен мерзімделеді. Оның диаметрі 25–26 метр, биіктігі шамамен 2,5 метр. Сонымен қатар қорғанның ежелгі заманда тоналғаны анықталды.
Табылған жәдігерлердің ішіндегі ең құндысы — аю бейнесінде құйылған шағын алтын мүсінше. Ғалымдардың пайымдауынша, ол бас киімнің сәндік элементі болған. Ал бұйымдағы арнайы тесіктер оның матаға тігіліп бекітілгенін аңғартады.
Аң бейнесіндегі әшекейлер сақ дәуіріндегі киім үлгілеріне тән болған. Мәселен, әйгілі «Алтын адамның» бас киімінен арқар бейнесіндегі алтын әшекей табылса, 2014 жылы Көкқайнар қорымынан бас киімге тағылатын барыс мүсіншесі анықталған.
Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықованың айтуынша, Қазақстан аумағында бұған дейін аю бейнесіндегі мұндай алтын мүсінше кездеспеген. Бұл олжа Қара теңіз маңынан Алтайға дейінгі Еуразия кеңістігіндегі мәдени байланыстар мен ұқсастықтарды зерттеуге мүмкіндік береді.
Археологтер алтын бұйымнан бөлек, көптеген адам сүйектерін де тапқан. Алдын ала болжам бойынша, қорғанда төрт ересек адам мен үш бала жерленуі мүмкін. Алайда жерленген адамдардың нақты саны әзірге анықталған жоқ.
Алматы қаласы музейлер бірлестігінің аға ғылыми қызметкері Марат Нұрпейісовтің айтуынша, бір қорғаннан адам сүйектерінің әдеттен тыс көп табылуы ерекше ғылыми қызығушылық тудырып отыр. Себебі Қазақстан аумағында мұндай ұжымдық жерлеу орындары сирек кездеседі.
Қарағайлы қорымындағы зерттеу жұмыстары жалғасуда. Жерлеу рәсімінің ерекшеліктерін нақтылау және жерленген адамдардың санын анықтау үшін антрополог мамандардың қатысуымен қосымша ғылыми зерттеулер жүргізу жоспарланған.
Археологиялық жұмыстар толық аяқталып, табылған жәдігерлерге ғылыми өңдеу жүргізілгеннен кейін ең құнды бұйымдарды Алматы музейінің экспозициясына енгізіп, көпшілік назарына ұсыну көзделіп отыр.
Дереккөз: Алматы қаласы әкімдігі.