Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы

Қазақстан ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра нысандарының саны бойынша Азиядағы үздік 20 елдің қатарына енді

Қазақстан ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра нысандарының саны бойынша Азия елдері арасында 13-орынға ие болды. Рейтингті X әлеуметтік желісіндегі танымал Asia Nexus арнасы жариялады. Авторлар ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра орталығының деректеріне сүйене отырып, мәдени, табиғи және аралас мұра нысандарын есепке алған.

Қазіргі уақытта Қазақстанның тізімде жеті нысаны бар. Рейтингте елімізден кейінгі орында Моңғолия тұр. Оның да дүниежүзілік мұра тізіміне енген жеті нысаны бар.

Қытай мен Үндістан көш бастап тұр

Бірінші орында – Қытай. 25 шілдеде Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен Дүниежүзілік мұра комитетінің сессиясында Цзиндэчжэнь қаласының өнеркәсіптік мұрасы тізімге енгізіліп, Қытайдың нысандарының саны 61-ге жетті. Бұл қалада бірнеше ғасыр бойы фарфор өндірілген. Мұнда X–XIX ғасырлар аралығында жұмыс істеген фарфор өндіру жүйесі тұтастай сақталған.

«Қытайдың Дүниежүзілік мұра тізіміне қосқан үлесі айрықша», – деді ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра орталығының номинациялар бөлімінің басшысы Алессандро Бальзамо. Оның айтуынша, Қытай нысандары тек саны жағынан ғана емес, алуан түрлілігімен де ерекшеленеді.

Екінші орында – Үндістан. Сол сессия барысында елдің 45-нысаны ретінде ежелгі буддалық Сарнатх кешені тізімге енгізілді. Аңыз бойынша, Будда ағартушылыққа жеткеннен кейінгі алғашқы уағызын дәл осы жерде айтқан.

Көшбасшы елдердің тізімі жаңа нысандармен толықты

Рейтингтің жоғарғы бөлігіндегі өзге елдердің де мұра нысандары тізімге қосылды. Иранның тізіміне Аламут қамалы мен оған қатысты қорғаныс құрылыстары, ал Жапонияның тізіміне ежелгі Асука-Фудзивара астанасы енгізілді.

Биылғы сессияны рейтингте 17-орында тұрған Оңтүстік Корея қабылдады. Әр ел жыл сайын тек бір номинация ұсына алатындықтан, көшбасшы елдер мен қалған мемлекеттер арасындағы айырмашылық біртіндеп қысқарып келеді.

Қазақстанның жетінші нысаны

Қазақстан 25 шілдеде Маңғыстаудың жартас мешіттері мен киелі орындары тізімге енгізілген кезде өзінің жетінші нысанына ие болды. Оның құрамына Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата, Сұлтан үпі және Бекет ата жерасты мешіттері енді.

Вице-президент Ерлан Қарин бұған дейін бұл бағыттағы жұмыстың Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қайта жанданып, мүлде жаңа деңгейге көтерілгенін атап өткен болатын. Мешіттер тек құлшылық орындары ғана емес, сонымен қатар білім беру орталықтары қызметін де атқарған.

«Бұл жартас нысандары халқымыздың тарихи жадын, ата-бабаларымыздың аманатын сақтап келеді», – деді ол.

Қазақстанның тізімдегі өзге мұра нысандары

Қазақстанның ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра тізіміне енген алғашқы нысаны – Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Ол 2003 жылы тізімге енгізілді.

Кейін тізімге Таңбалы петроглифтері, сондай-ақ Чанъань – Тянь-Шань дәлізі бойындағы Ұлы Жібек жолының нысандары қосылды.

Сонымен қатар табиғи мұра нысандары да тіркелді. Олардың қатарында Солтүстік Қазақстанның далалары мен көлдерін қамтитын Сарыарқа, Батыс Тянь-Шань және Тұранның суық шөлдері бар. Олардың кейбірі Қазақстанға қоса Қытай, Қырғызстан және Түрікменстан аумақтарын да қамтиды.

Моңғолияның да жеті мұра нысаны бар

Моңғолия да жазда Пусанда өткен сессия барысында жаңа нысанға ие болды. Дүниежүзілік мұра тізіміне ғұн ақсүйектерінің қорғандары, соның ішінде елдің шығысындағы Дуурлиг-Нарс жерлеу кешені енгізілді. Бұған дейін Кореяның Ұлттық музейі моңғол археологтарымен бірлесіп, бұл ескерткіштерді 30 жылдан астам уақыт зерттеген.

Моңғолияның тізімге енген алғашқы нысаны – 2003 жылы тіркелген Увс-Нуур көлінің қазаншұңқыры. Кейін Орхон аңғарының мәдени ландшафты, Моңғол Алтайының петроглифтері, қасиетті Бұрхан-Халдун тауы және Даурия ландшафттары қосылды.

Тағы бір нысан – Хангай жотасының баурайында орналасқан қола дәуіріне тән бұғытастар. Ежелгі тұрғындар оларды түрлі рәсімдер мен жерлеу ғұрыптары кезінде орнатқан.

Келесі номинациялар

Мемлекет басшысы жаңа номинацияларды дайындауды тапсырған. Олардың қатарында Жаркенттегі ағаш мешіт, Алматыдағы Вознесенск соборы және Қаратау петроглифтері бар.

Жаркент мешіті мен Вознесенск соборы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұрасының алдын ала тізіміне енгізілген. Ел толыққанды номинация ұсынбас бұрын, нысан алдымен осы алдын ала тізімге енуі қажет.

17.11.2026

Ыңғайлы қосымшаны жүктеп алыңыз

Алматы қаласында діни нысандарды жылдам әрі оңай іздеу.

Серіктестер