Діни бірлестіктер ҚР Президентінің жаңа әлеуметтік бастамаларына қолдау білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Дін істер және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевқа сілтеме жасап.
«Діни бірлестіктер ҚР Президентінің жаңа әлеуметтік бастамаларына қолдау білдіріп жатыр. Кейбір әлеуметтік немесе экономикалық мәселелердің шешілмеуі – адамдардың теріс діни ағымға түсіп кетуінің негізгі себептерінің бірі”, – деді министр журналистерге берген сұхбатында. Сондай-ақ, Н. Ермекбаев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «7-20-25» ипотекасы, 20 мың қосымша грант және 75 мың орынға арналған студенттер жатақханасы туралы өз пікірін білдірді.
Министрдің айтуынша, бұл бастамалар жастар үшін сенімді өмірлік бастау болмақ. «Жалақының аздығы немесе баспана мен жұмыстың жоқтығы жас маманның отбасын құруына кедергі келтіреді. Білім алуға ынтасы бола тұра, оқу ақысын төлеуге материалдық мүмкіндіктері жетпеуі мүмкін. Президенттің бастамалары дәл осы мәселелерді шешуге септігін тигізеді. Бұл жастардың ауылдар мен кішігірім қалалардан орталыққа көшуіне, сұраныстың өсуіне қатысты ЖОО мен колледж студенттерінің баспана мәселесін толық шешуіне мүмкіндік береді”, – деді министр.