Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Пасха мерекесімен құттықтады. Бұл туралы Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап NUR.KZ порталы хабарлайды.
Президент православтар Пасхасының биыл Қазақстан халқының бірлігі мейрамымен тұспа-тұс келуі терең мәнге ие екеніне баса назар аудартты. Сонымен қатар елімізде ел бірлігін нығайтуға ықпал ететін этносаралық келісім мен конфессияаралық диалогтың бірегей үлгісі қалыптасқаннын сөз етті.
"Православ христиандарын, барша Қазақстан азаматтарын жарқын Пасха мерекесімен шын жүректен құттықтаймын... Мәңгілік адамгершілік құндылықтарға арқа сүйей отырып, бір-бірімізді өзара құрметтей және қолдай отырып, біз ортақ үйіміздегі бейбітшілік пен келісімді нығайта білдік. Христиан дінін ұстанатындардың конфессияаралық қатынастарды нығайтуға қосқан үлесі өте зор. Еліміздегі барлық діни сенім өкілдері секілді христиандар да мемлекеттің қоғамды ұйыстыруға бағытталған бастамаларын әрдайым қолдайды", - дейді президент.
Мемлекет басшысы достық қатынастар халқымыздың мақтанышына айналғанын алға тартты.
"Достық, өзара құрмет пен түсіністік қатынастар біздің мақтанышымызға, ортақ игілігімізге айналды. Бүгін Пасха мейрамы адамдарды жақсы іс-әрекеттерге, мейірімділікке және айналасындағыларға қамқорлық жасауға шабыттандырады, адамдарға шаттық пен татулық сыйлайды, жүректерінде үміт, сенім мен шынайылық сезімдерін сақтауға көмектеседі. Осынау мереке күндерінде барша қазақстандықтарға бейбітшілік, өркендеу мен амандық тілеймін", - дейді Назарбаев.
Дереккөз: Nur.kz