Дін туралы мәлімет
Жетінші күн адвентистері (лат. аdventus - ақырзаман, қиямет-қайым) – адвентизмдегі ең үлкен ағым.
Адвентизм біртұтас діни ағым ретінде христиан шіркеуінде кеңінен таралды, бірақ қозғалыс У.Миллердің (1782-1849) ықпалымен келді. Ол «Қасиетті кітаптағы дәлелдер және 1843 жылы Иса Мәсіхтің екінші келуі мен оның 1000 жылдық жалғасқан жеке билігі туралы әңгімелер» атты кітабында екінші келуі мерзімін негіздеді. Есептеулерін нақтылағаннан кейін У.Миллер келу күнін 1844 жылдың 22 қазанына ауыстырды.
Эволюция барысында адвентизм – бірнеше ағымдарға бөлінді: жетінші күн адвентистері, реформатор-адвентистер және Құдай шіркеуі.
Жетінші күн адвентистерінің қалыптасуы (қысқаша - ЖКА) – діни ағым ретінде 1844-1845 жылдарға жатады, бөлек шіркеу болып 1863 жылы қалыптасты. Діни сенімнің қайнар көзі ретінде Библия мен пайғамбар Элен Уайттың еңбектері саналады.
Діни сенімнің мәні – Иса Мәсіхтің жуырда екінші келуіне, Ақырет күніне, тақуалар үшін Исаның 1000 жылдық патшалығына сену.
ЖКА – жанның өлмейтінін, жұмақ пен тозақтың барын жоққа шығарады. ЖКА мүшелері үшін библиялық өсиеттерді сақтау міндетті болып табылады, әсіресе төртінші, «сенбі күнін сақтауды» талап етеді. Сенбі күні жұмыс істеуге, тіпті тамақ пісіруге болмайды.
ЖКА-ның әрбір мүшесі шіркеудің пайдасына «ондық» деп аталатын – табысының оннан бір бөлігін беруі керек. Тағамға қатысты бірқатар тыйым бар: «таза емес» жануарлардың етін жеу, кофе, шәй, шарап ішуге болмайды, темекі (табак) шегуге тыйым салынады.
ЖКА екі рәсім сақталады: діни сеніммен шомылдыру және дәм тату - Құдаймен кешкі ас. Шомылдыру рәсімі – он алты жасқа толған діндар адамдарды суға толық батыру арқылы жүзеге асырылады. Әр қоғамдастықта балаларға да, ересектерге де доктриналық діни білім беру үшін «сенбілік мектептер» ұйымдастырылған. Негізгі мерекелер: апта сайынғы сенбі күні және Егін жинау күні.
ЖКА ұйымы келесідей аумақтарға бөлінеді: жергілікті қауымдастық; конференция (ел немесе бірнеше облыс ауқымындағы қауымдастықтардың бірігуінен құралады); одақ (бірнеше конференцияларды біріктіреді, мысалы, ЖКА-ның Оңтүстік Одағы үш конференцияны біріктіреді, оған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркменстан ЖКА қауымдастықтары кіреді); дивизион (бірнеше одақты біріктіреді); ЖКА Бас конференциясы – құрамына бүкіл әлемді қамтитын ЖКА барлық дивизиондары кіреді.
Бас конференцияның кеңсесі Вашингтонда (АҚШ) орналасқан. ЖКА республикалық орталығы – Жетінші күн адвентист-христиандар шіркеуінің қазақстандық конференциясы Астана қаласында орналасқан. Оңтүстік Одақтың орталығы Алматы қаласында орналасқан.
Ашық деректерге сәйкес, әлемде ЖКА мүшелерінің саны шамамен 25 миллион адамды құрайды (2020 жылғы 30 қыркүйекте шіркеуде 21 760 076 адам шомылдыру рәсімінен өтті). Шіркеу БҰҰ мойындаған
230 елдер мен аумақтардың 202-де жұмыс істейді, сондықтан бұл оны «ең көп таралған протестанттық конфессияға» айналдырады.
Қазақстанда ЖКА қауымдастықтары ХХ ғасырдың басында пайда болды. Бүгінгі таңда елімізде тіркелген Жетінші күн адвентистерінің діни бірлестіктерінің саны – 42, ғибадатханаларының саны – 32. Алматыда 3 жергілікті діни бірлестік жұмыс істейді.
Алматы қаласының діни бірлестіктері туралы толығырақ ақпарат осы сайттың тиісті бөлімдерінде және интерактивті картада орналастырылған.
Жетінші күн адвентистері (бұдан әрі - ЖКА) Құдай әке, Бала (Иса мәсіх) және Қасиетті рух Құдайдың үштік бірлігі, Христостың Құдайлық және адами табиғаты, тәубеге келу мен шоқынудың қажеттілігі,жалпыхристиандық доктриналарды ұстанады